Инфляция деген не? Инфляция түрлері және инфляция деңгейі
Инфляция деген не? Инфляция бұл ақшаның құнсыздануы. Бүгінгі бағалар келесі жылы бұдан да жоғары болады дегені. Мысалы - сүт, нан, май, шай, қант, ет, айран, қатық, күріш сияқты тауарлар жыл сайын жоғарлайды. Өткен жылы (2019 жылы) еттің келісі орта есеппен 1800 тенге болған, ал биыл 2000 тенгеден асты. Бір жылда еттің бағасы (2000 - 1800)*/1800 = 11,11% пайызға артты.
Елде осы жылы инфляция деңгейі 7% болды дегеніміз бұл экономикадағы тауарлардың орташа бағамы осы 7 пайызға артты дегені. Кейбірі 3 пайызға, кейбірі 8 пайызға артты, бірақ орташа бағаның жалпы артуы осы 7 пайызға тең.
Инфляцияны есептеу
Экономикадағы барлық тауарлардың осы жылғы бағасы P2 ал өткен жылғысы P1 болса инфляция деңгейі мына формуламен есептелінеді:
Инфляция деңгейі = (P2-P1)*100/P1
Инфляция формуласы қарапайым. Мысалы экономикада үш тауар ғана бар болсын - сүт, май, нан. Өткен және осы жылдағы осылардың бағалары мынандай болсын:
тауар | өткен жылы | осы жылы |
Сүт | 320 | 350 |
Май | 2950 | 3100 |
Нан | 75 | 80 |
Осы үш тауардың инфляциясын есептейік, бұл үшін өткен және осы жылғы бағалардың қосындыларын табайық:
P1 = 320 + 2950 + 75 = 3345
P2 = 350 + 3100 + 80 = 3530
Инфляция деңгейі = (3530 - 3345)*100/3345 = 5,53%
Инфляция түрлері
Инфляция деңгейіне байланысты инфляция түрлерін үшке бөледі. Бұлар - орташа, жедел және гиперинфляция. Осыларға жеке жеке тоқталайық.
Орташа инфляция
Орташа инфляция бағалардың өсімі 10 пайыздан төмен болғандағысы. Қазіргі дамыған елдердің барлығында дерлік инфляция деңгейі 10 пайыздан аспайды. Батыс елдерінде 2-3 пайыз шамасында ал Қазақстанда осы 2021 жылы 7,4% болды.
Орташа инфляция экономиканың дамуына жол ашады. Бағалар тым тез, тым жылдам өспейтіндіктен адамдар келер күнге арнап жоспар құра алады.
Жедел инфляция
Жедел инфляция бұл инфляция деңгейі 10-50 пайыз болғандығы. Жедел инфляция экономиканың дамуына кедергі болады. Себебі адамдар келер күні бағалар қандай болатының білмейді, болжау қиын болады. Инвесторлар жедел инфляциясы бар елдерге ақша салмайды.
Негізінен жедел инфляция экономикасы дамымаған елдерге тән. Мемлекет ақша мөлшерін тым көп шығарғанда бұндай инфляция болады.
Гиперинфляция
Инфляция деңгейі 50 пайыздан жоғарысы гиперинфляция делінеді. Ақша бағасы құлдырайды. Кей елдерде қазір инфляция 1000 не 10000 пайыз боп тұр. Мысалы Африка құрлығында орналасқан Зимбаве елінде 2008 жылы инфляция деңгейі 231 000 000% болды. Осының салдарынан бір бөлке нанның бағасы 300 миллион зимбаве доллары болған:
Адамдар дүкенге бару үшін ақшаны қаппен апарады.
Пән: Экономика