Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы - қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін молынан жинаған фольклоршы ғалым, шежіреші, этнограф, ақын, ағарту саласының белді өкілі, Алаштың біртуар перзенті. Ол бүгінгі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Найзатас деген мекенде 1858 жылы дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты Адам Жүсіп екен. Жеті жасынан жұрт алдында "Қобыланды батыр", "Қозы Көрпеш - Баян сұлу", "Ер Тарғын" жырларын жатқа айтып көзге түскен. Риза болған ел: "Бұл ұлдың аты Мәшһүр болсын, бүкіл елге танымал болсын!" деп батасын беріпті. Содан Мәшһүр Жүсіп атанып кеткен.
Өте зерек, алғыр болып өскен Мәшһүр Жүсіп ауыл молдасынан сабақ алса да, өз бетінше ізденіп, "Михзат", "Мұхамедия", "Наху", "Фиқх" кітаптарын жатқа біліп, шағатай, түркі ,парсы, араб тілдерін еркін меңгерген. Кейінірек Хамаретдин, Бұхарадағы Мірараб медіреселерінде білім алады. 1875 жылдан ауыл мектептерінде оқытушы бола жүріп, "Дала уәлаяты" газетіне мақала, хат-хабар, ел аузынан жиған дүниелерін жіберіп тұрады. Сөйтіп ел арасына кеңінен танылып, Мәшһүр атын ақтайды.
Мәшһүр Жүсіп ауыз әдебиетін ел аузынан естіген күйінде түзетпей, өзгертпей жазып алған. Әр айтушы, орындаушының айтып-жеткізу мәнерін сақтауды қадағалаған. соған орай әр мәтіннің шығу тарихы бір-біріне ұқсамай, қызғылықты оқылады. Халық мұраларын: ертегілер, жоқтау, беташар, жар-жар, шешендік сөздер мен айтыстар, мақал-мәтелдер, тарихи жырларды жанры бойынша сұрыптап, әрқайсысын бөлек-бөлек жинақтаған. Мәшһүр Жүсәп ауыз әдебиеті үлгілерін жинаумен бірге қазақ халқының шежіресін жинақтап, қазақ халқының өмірі мен мәдениетін, этнографиясы мен діни мәселелерді де жете зерттеп, "Хал-ахуал", "сарыарқаның кімдікі екені", "тіршілікте көп жасағандықтан көрген тамашамыз" және т.б. еңбектер қалдырған. мәселен, "сарыарқаның кімдікі екендігі" кітабында халқымыздың тұтас өткен өмірін саралайды. Сондай-ақ ол жинақтаған "желкілдек", "Асанқайғы", "Еңсегей бойлы ер Есім", "Еділ-Жайық" ертегілері қазіргі таңда ел арасына кеңінен тараған, "Алтынбас-Күмісаяқ ғашық болған", "Желкілдек" ертегілері өлең түрінде жазылуымен ерекшеленеді. Ертегілердің құрылымы да қарапайым, тілге жеңіл, көпшілікке түсінікті.
Мәшһүр Жүсіптің қалдырған мол мұралары бүгінде ҚР Ғылым академиясы кітапханасының Орталық қолжазба қорында сақталған. Оның қолжазба мұралары 400-дей тақырыпты қамтып, 5000 беттік көлемді құрайды. 2008 жылы оның "Ит дүние" атты шығармалар жинағы жарық көрген. Оның үстіне Мәшһүр Жүсіптің барлық зерттеулері мен еңбектері, шежірелері мен ел аузынан жинаған қолжазбалары түгелге жуық жинақталып, 30 томдық кітап болып баспа бетін көрген.
Ұлы ғұлама 1931 жылы жеті күн жатып, ұзамай көз жұмады. Әулиелігі сол, көзі тірісінде Баянауылдан жүз шақырым жердегі төбені о дүниелік орны екенін көрсетіп:
"73-ке жеткенше балталасаң да өлмеймін,
73-те ары қарай сүйресең де аспаймын" -
деген екен. Айтқаны айдай келіпті.
Пән: Қазақ әдебиеті