Озон - оттектің аллотропиясы, озон қабаты. Аллотропия
Оттегі екі оттек атомнан құрылған газ:
O2
Бірақ сонымен қатар, оттектің үш атомынан құрылған түрі де бар:
O3
Бұл газ озон деп аталады. Озон оттегі газынан 1,5 есе ауыр, күшті тотықтырғыш, тіпті алтынмен де әрекеттесетін зат. Бояғыш заттарды түссіздендіретін және залалсыздандыру қасиетіне ие газ.
Аллотропия деген не?
Аллотропия дегеніміз бір химиялық элементтің бірнеше жай зат ретінде болуы. Мысалы оттек элементі екі жай зат ретінде кездеседі - оттегі газы және озон газы ретінде.
Осы жай заттарды химиялық элементтің аллотропиялық түр өзгерістері деп атайды.
Аллотропиялық түр өзгерістерінің тағы бір мысалы графит (қарындаштың ұшын жасау үшін пайдаланады) пен алмас. Алмас та, графит те көміртегі деген химиялық элементтен құралған. Бірақ графит сынғыш әрі жұмсақ зат, ал алмас берік әрі қатты зат. Осы екі заттың молекулалық құрылымы өзгеше болғандықтан, физикалық қасиеттері де өзгеше болады.
Озон қабаты
Жер бетінен шамамен 25 километр биіктікте озон қабаты орналасқан. Осы қабаттың қалыңдығы небәрі 2-3 мм болса да, бұл қабат Күн мен өзге жұлдыздардан келген ультракүлгін сәулелерден қорғайды. Бұл сәулелер жердегі тіршілікке қауіпті.
Соңғы жылдары озон қабатының бүлінуі болған. Бұл зиянды заттардың көп мөлшерде атмосфераға тасталынуынан.
Табиғатты қорғасақ, қоқыстарды өндеп зиянды заттарды залалсыздандырсақ, бұлай болмас еді!
Озонды алу
Озон оттегі газы арқылы электр тоғын өткізгенде пайда болады. Бұндай құрылғыны озонатор деп атайды:
Пән: Химия