Қасым Аманжолов
Өмірі. Қазақ поэзиясында өзіндік өршіл үнімен, сыршыл жырларымен ойып тұрып орын алған арқалы ақын - Қасым Аманжолов. Ол бүгінгі Қарағанды облысы Қарақаралы ауданындағы Қызыл ауылында 1911 дүниеге келген. Республикалық "Лениншіл жас" газетінде қалам ұштаған қаламгер кейіннен Орал қаласындағы "Екпінді құрылыс" газетінде қызмет істейді. Ән-күйге, өнерге деген құштарлық оны Оралда жаңадан ашылған қазақ драма театрында қызмет істеуге құлшындырады. Қиыр шығыста әскери міндетін өтеп, кейін Ұлы Отан соғысына қатысады.Жалынды жырларымен, жалынды өмірімен ғұмыр кешкен ақиық ақын 1955 жылы өмірден өтеді.
Шығармашылығы. Ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік құбылысқа айналған "Күлемін де жылаймын", "Ғабдолға", "Сәбитке", "Ғалиға жауап" атты жырларын сол кездегі жастар кез келген жерде жатқа айтатын. Ал, ақынның "Ақын өлімі туралы аңыз", "Дариға, сол қыз", "Бауыржанға", "Өзім туралы" жырлары көктегі жай отындай жарқылдап, алмастай мың құбылып, қазақ әдебиетіне сан қырлы қазына болып қосылды.
Қасым Аманжолов майданда қапылыста мерт болған жан досы Абдолла Жұмағалиевке арнап "Ақын өлімі туралы аңыз" атты отты поэмасын өмірге әкеледі. Бұл поэмасы ақынның қасқырдай анталаған жауға деген жанартаудай ашуы, досы туралы жан азасы еді.
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек! -
деп, саңқылдаған асқақ дауыспен жыр нөсерін төгеді. Арқалы ақынның бұл туындысы тек қазақ әдебиеті ғана емес, дүние жүзілік әдебиетке қосылған жауһар туындылардың бірінен саналады.
Ал, ақынның "Жас дәурен", "Өзім туралы" өлеңдеріне жазылған әндері Қ. Аманжоловтың сан қырлы дарын екенінен танытады.
Пән: Қазақ әдебиеті